Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсанындағы № 867 қаулысымен Орталық Қазақстан облысындағы керемет табиғатымен танымал, Ұлытаудың баурайындағы елі шырайлы, қазақтың құт қонған қасиетті өңірі Ұлытау ауданында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-і құрылды. Айта кетейік, бұл еліміздегі 14-ші құрылған ұлттық парк.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» негізгі мақсаты биологиялық және ландшафттық әр алуандылықты сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғатты қорғау және келешек ұрпаққа тапсыру мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану болып табылады.
Жер көлемі
«Ұлытау» ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жер көлемі 58 912 га құрайды және төмендегідей бөлінеді:
- Арғанаты орман саяжайы, көлемі -33 419 га
- Ұлытау орман саяжайы, көлемі – 20 847 га
- Шоқ ормандар, көлемі – 4 646 га
- Күзет аймағы (технико-экономикалық негіздеу бойынша) – 28 420 га болып белгіленген.
Ұлттық парк аумағы 4 функционалдық аймаққа бөлінген:
- Қорықтық аймақ – 9091 га;
- Экологиялық тұрақтандыру аймағы – 7340 га;
- Туристік және рекреациялық қызмет аймағы – 10990 га;
- Шаруашылығы шектеулі қызмет аймағы – 31491 га.
Туристік соқпақтар
Туристік соқпақтар бағдарламасы бойынша Әулиетау және Едіге шыңы жолында 4 бағдарда жоспарланып отыр.
Әулиетау. Ұлытау тауларының шыңы. Ұлытау селосынан батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 1133 м. Мініп түсу уақыты шамамен 1-3 сағатты құрайды.
Едіге тау. Ұлытау селосының оңтүстік – батысына қарай 35 км жерде орналасқан. Биіктігі 1063 м, мініп түсу уақыты 3 – 4 сағатты құрайды.
Абаттандыру
«Тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін жағдай жасау және Ұлытау тау алабының табиғи және тарихи — мәдени нысандарын сақтауға жәрдемдесу» жобасы аясында БҰҰДБ және «QazaqGeography» РҚБ бірлесе отырып Ұлттық парктің «Әулие тау» туристік соқпағының кіріс тобының дизайндік жобасын әзірленіп, сол жобаға сәйкес туристік соқпақтын стелласы, электрондық шлагбаум, 600 шаршы метрлік автотұрақ, 50 дана қарағай ағашы, беседка және қоқыс тастау жәшіктері қойылды.
Эмблема және туы
Эмблема негізінде 2 түсті – жасыл және қара болып бейнеленген. Жасыл — табиғат түсі. Қара түс — табиғатты қорғаумен күресуді білдіреді. Эмблеманың өзі Әулиетау және Киік элементтерінен тұрады.
Туы қоршаған табиғи ортаның сақталуы мен өмір сүруін бейнелейтін ашық жасыл түспен орындалған. Тудың сол жақ бөлігінде қазақтың ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Тудың ортасында Ұлттық парктің эмблемасы орналасқан.
ФЛОРА және ФАУНА
Парктің ерекшелігі, онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін «Қызыл кітапқа» енген 5 түрі бар. Олар: қырғыз қайыңы, қауырсын шөп, екігүлді қызғалдақ, қоңыраулы қызғалдақ, шренк қызғалдағы. Бүгінгі күнге дейін өсімдік түрлерінің 382 түрі анықталған. Яғни, дәрілік өсімдіктердің кең таралған бірқатар түрлері итмұрын, мыңжапырақ, қарандыз, шайқурай, қына, шегіршін, жұлдызгүл және т.б. өсімдік түрлері кездеседі.
Ұлттық парктің фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша, жәндіктердің 105 түрі және өрмекші тәрізділердің 345 түрі кездеседі. Зерттелген аумақта кездесетін жәндіктер мен өрмекші тәрізділердің 77 түрі анықталды. Құстардың 200 түрі, балықтың 8 түрі, мемлекет қамқорлығына алынған. Оның ішінде парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың бірнеше түрі мекен етеді.